Баға белгілеу мәселесі бойынша бірнеше талқылау болды. Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін негізгі бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Өнімнің өзіндік құнын төмендету, қажетсіз делдалдан арылу туралы біз бірнеше рет айттық. Сауда желілерін қолжетімді етіп, айналымға қаржы салу үшін арзан несие беру тәсілін де қолдануға болады. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Тауар өндірушіден алдын ала тікелей сатып алу ережесі қабылданды. Бюджеттен қаржы бөлінетін болды. Дегенмен көптеген шаруаның көкөніс сақтайтын жері жоқ. Сол себепті, олар өнімдерін егіс басынан тікелей сатуға мәжбүр болады. Оның салдары бәрімізге белгілі. Ауыл тұрғындары біраз табысынан қағылады. Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ары қарай мемлекет басшысы мұны қойма инфрақұрылымын жасау арқылы ғана шешуге болатынын мәлімдеді. Айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар баяу жүріп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Президент шетелдік көліктерді заңдастыру туралы: Үкімет халықты дұрыс ақпараттандырған жоқ


"Былтыр 83 мың тонна немесе 77 пайыз өнім сақтайтын қойма салу көзделген еді. Алайда жоспар 64 мың тоннаға ғана орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті. 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс", – деп қосты мемлекет басшысы.