Президент Алаш және Кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қою туралы: Әрбір тұлға өз қоғамының мүддесіне сай елге қызмет етті
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырауда өтіп жатыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды. Президент неге биыл құрылтайдың ертерек өтіп жатқанын түсіндірді.
"Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет", – деді президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тұлғалар мен тарих кезеңдерін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайтынын айтты.
"Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз", – деді ол.