"Полигон былтыр 15 рет өртке оранған". Ақтөбе қаласын соңғы екі тәуліктен бері көк түтін басты
Биыл полигон бірнеше рет өртенген.Экологиясы нашар өңірлердің қатарына кіретін Ақтөбе қаласын соңғы екі тәуліктен бері көк түтін басты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Аймақта қоқыс полигоны өртеніп, облыс орталығы қою түтіннің ортасында қалды. Әсіресе қаланың бірқатар шағын ауданы зардап шегіп отыр. Қалаға тараған қою түтіннен жұрт тіпті далаға шыға алмай қалған.
Өткен сенбі және жексенбі күндері өртенген қоқыс полигоны әлі бықсып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері от қайтадан маздап кетпес үшін қоқыстың бетін құммен жауып әлек. Жалпы бұл полигон биылдың өзінде бірнеше рет өртенді. Бірақ бұл жолғы түтін ерекше қою әрі біраз аумақты алып отыр.
Оқи отырыңыз: Орман өртінен ауаны түтін басқанда не істеу керек? Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді
Қазір қою түтін әсіресе полигон аумағын торлап тұр. Ал қала аумағындағы жағдай қалыпты. Дегенмен мамандар тұрғындарға "реті келсе үйден шықпаңыздар" деп ескертіп жатыр. Әсіресе өкпе, тыныс алу органдарының ауруы бар адамдарға әлі де қауіп бар, дейді.
"Қазір құм себу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Арнайы техникалар сол маңда тәулік бойы жүр. Тек өршіп кетпес үшін амалын жасап отырмыз. Қыркүйекке дейін аяқтау керек бұл жұмыстарды", – деді Ақтөбе қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әл-Фараби Садықов.
Бұл полигон әлі бес жыл қызмет етуі тиіс болатын. Алайда мерзімінен бұрын қоқысқа толып қалды. Оның үстіне соңғы сегіз жылдан бері өрттен көз ашпай келеді. Мәселен өткен жылдың өзінде 15 рет өртке оранды.
Қысы-жазы үйілген қоқыстың иісінен зәрезап болған ақтөбеліктер үшін полигонның жиі өртенуі жығылғанға жұдырық болып тұр. Көк түтіннің кесірінен тұрғындар тынысы тарылып, жағымсыз иістен басын көтере алмай қалғанын айтады. Алайда шенеуніктер де қол қусырып қарап отырған жоқпыз, дейді. Полигон өздігінен жанбауы үшін үстінен қалыңдығы 60 сантиметр топырақ төсемек. Бұл үшін қазынадан 219 миллион теңге қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Түркия тәжірибесі: АЭС Қазақстанды экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ете ме?
Мамандар өрт ошағы тереңде болғандықтан, оны сөндіру де оңай болмай тұр, дейді. Қырық шақты техника жұмылдырып, күні-түні құм сеуіп жатқанымен бықсыған түтінді баса алмай жатыр. Өткен екі күнде бір гектардан астам аумақ қызыл жалынға оранған.
Айта кетсек, 42 гектар аумақты алып жатқан бұл қоқыс полигоны – Ақтөбедегі қатты тұрмыстық қалдық қабылдайтын жалғыз орын. Ал маңынан ашылған аумағы 12 гектар болатын жаңа полигон әзірге қоқыс қабылдауға жарамай тұр.