Петропавлда жылу қазандықтары істен шығып, қаланың жартысына дерлік жөнді жылу ала алмай отыр. Себебі, қаланы түгел жылумен қамтып отырған жылу орталығындағы үш бірдей қазандық бір мезетте жарылып, істен шыққан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы


 
Қала тұрғындары соның салдарынан бес тәуліктен бері үйінде тоңып отырғанын айтады.

"Қалың киініп, үй ішінде аяқ киіммен жүрміз. Сонда да бойымыз жылымайды. Электр пештерін де күнімен қосып отырамыз. Ол да көмектеспейді", – дейді Петропавл қаласының тұрғыны: Анасасия Тихонова. 

Қалада бір мыңнан артық көп қабатты үй болса, қыс ортасында оның жартысына жуығында жөнді жылу жоқ. Себеп – қазір жылу орталығындағы 12 қазандықтың жетеуі ғана істеп тұр. Екеуі жөндеуде болса, үш қазандық жарылып кеткен. 

Петропавл жылу-электр орталығының басшысы Ержан Қоңырбаевтың айтуынша, жылу қондырғылары 530-560 градусқа дейін баратын жоғары температураға шыдамай жарылып жатыр екен. Ол жағдай бір тәуліктен кейін реттелетініне сендірді. Қазір істен шыққан жылу қазандықтарын жөндеп, қайта қосу жұмыстары жүріп жатыр. 


Оқи отырыңыз: 


Ал жергілікті билік жылу орталығындағы апаттардың қайталана беруін қазандықтардың тозғандығымен түсіндіреді. Яғни, 60 жыл бұрын салынған жылу орталығының қазандықтары 56 пайызға тозған. Монополист компания оны жөндеуге қаражаты жетпегендіктен банктен несие алмақ. 

"2021 жылы 2,3 млрд теңгеге жөндеу жүргізді. Бұл қаржы жеткіліксіз. Енді бұл жағдай қайталанбас үшін күрделі жөндеуге биыл тағы он миллиард теңге бөледі", – деді СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов. 

Петропавлдағы жылу электр орталығында бұл – күзден бері болған үшінші апат. Бірақ энергетиктер бұл жағдай тағы қайталанбайтынына кепілдік бермейді.