Педагог-тағылымгер біліктілік санаты енгізіледі
Содан кейін оларда мамандыққа бейімделу, ену бағдарламасы басталады.Енді педагогикалық қызметке алғаш рет кіріскендер "педагог-тағылымгер" уақытша біліктілігін алып, бір жылға жұмысқа қабылданады. Бұл талапты педагогтердің аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс тобы ұсынды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Ұлттық біліктілік тестіне қатысты:
- Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады.
- Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен біліктілік тестін тапсырмай өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша біліктілік тестін тапсырады.
- Сондай-ақ педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, "педагог-модератор" санатына ауысатын болса, біліктілік тестілеуден өтуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал егер бұл педагогтер аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.
- Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.
Оқи отырыңыз: Педагогті аттестаттаудың жаңа ережесі: Мұғалімдер неге эссе жазуға қарсы?
Аттестацияның екінші кезеңіне қатысты:
- Құжаттардың саны қысқарады. Екінші кезеңдегі негізгі бағалау критерийлері: сабаққа қатысуы және оны талдауы, педагогтің біліктілікті арттыру курстарынан өтуі. ҰБДҚ-да әр мұғалім үшін маңызды ақпараты бар электронды портфолио құру жоспарланып отыр, мұғалімдер аттестация кезінде мәліметтерді сол жерден ала алады.
- Оқушылардың білім сапасы туралы ақпарат ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
- Педагогтің кәсіби жетістіктері мен оқушылардың жетістіктеріне саналатын олимпиадалар мен конкурстардың тізбесі кеңейтіледі.
- Сабақтардың бейнежазбалары міндетті болмайды, оның орнына қатысқан сабаққа және lesson study талдау жасалады.
- Сонымен қатар тестілеуден өту тәртібін бұзған және өз жетістіктері туралы жалған ақпарат көрсеткен тұлғаларға 5 жылға аттестациядан өтуге тыйым салатын норманы енгізу ұсынылды.
- Педагогикалық қызметке алғаш рет кіріскендер "педагог-тағылымгер" уақытша біліктілігін алып, бір жылға жұмысқа қабылданады. Содан кейін оларда мамандыққа бейімделу, ену бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама бойынша жас маманға тәлімгер бекітіліп, оның кәсіби даму бағдарламасы әзірленеді, курстардан өтіп, lesson study жүргізеді және бағдарлама қорытындысы бойынша педагогикалық кеңес "педагог" санатын беру және шартты ұзарту туралы тиісті шешім қабылдайды.
- Аттестация мерзімін 3 жылға дейін қысқартпай, 5 жылда бір рет, яғни сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылданды.