Павлодарда сабақ кезінде оқушының арқасына үшкір зат тығып алған ұстаз жұмысынан босатылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жарақат алған бала дәрігерлерге көрінуге мәжбүр болған. Қайта денсаулығына аса ауыр зиян келмеген екен.

Ал білім басқармасының өкілдері мұғалімнің бұл әрекеті этикаға сай емес дейді. Оқиға №26 мектепте болған. Алгебра сабағы кезінде тақтада тұрған 9-сынып оқушысының арқасына шеге шаншыған мұғалімнің әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Ұстазынан мұндайды күтпеген баланың сол сәтте селт еткені көрінеді. Ал педагог сабағын жалғастыра берген. Осы жағдайға байланысты полиция басқармасы "жасөспірімге дене жарақатын салу" бабымен іс қозғады. Ал бейәдеп әрекетке барған ұстаз баланың ата-анасынан кешірім сұраған.

"Ұстаздың мінезі-құлқы педагогтың этикасына және кәсібилігіне мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан ол жұмысынан босатылды. Білім саласында осы секілді әрекеттерге жол беруге болмайды. Қазір полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл мәселе басқарманың қатаң бақылауда", – деді Павлодар облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.