Павлодарда дәріден уланып ауруханаға түскен баланың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz басылымы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралары жүргізілген. 

Баланы 11 наурызда педиатр қарап, күніне 2 реттен – таңертең және кешке "Ампициллин" 250 мг тағайындаған. Алайда дәріханада "Ампициллиннің" орнына "Амитриптилин" берген. 

"Анасының айтуы бойынша балаға "Амитриптилин" 25 мг таблетка берген.  11 наурыз күні – 1 таблетка, кешке сағат 23:00-де – 2 таблетка және 12 наурыз күні таңертең 3 таблетка ішкен. Кешке қарай бала әлсіреп, ұйықтай берген, құсу және құрысу белгілері байқалмады. Ауруханаға түскен кезде интоксикацияға байланысты жағдайы орташа ауыр болды. Қабылдау бөлімшесінде асқазанды шаю жүргізілді", – деді басқармадағылар. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалардың 7 пайызға жуығы семіздікке шалдыққан


Бүлдіршін 2022 жылдың 13-18 наурыз аралығында облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөлімшесінде стационарлық ем алды.

Еске салсақ, Павлодарда фармацевтің дәріні шатастырып, 3 жасар баланың антидепрессанттардан уланғаны туралы хабарлаған едік. 

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы ("Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.