Павлодар оқушылары 24 мың бөтелке қақпағымен жайлауды бейнеледі
Композиция "Жасыл желек" жобасы аясында салынған.Iznbusiness.kz порталының хабарлауынша, Павлодар облысындағы №17 мектептің ұстаздары мен шәкірттері 24 мың бөтелке қақпағы мен басқа да қалдықтарды пайдаланып, "Жайлау" композициясын жасап шыққан. Бұл композиция облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп жанындағы оқу-тәжірибелік учаскелер арасында өтетін "Жасыл желек" байқауына ұсынылған.
Порталдың жазуынша, бұл жоба – тек байқау емес, балаларды экологиялық тәрбиеге баулудың бір жолы. "Жайлау" композициясынан бөлек, оның аясында Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылындағы мектеп жанында дәрілік шөптер мен өсімдіктер өсірген. Оқушылар тәжірибе жасап, оларды сынақтан өткізеді.
Ал Шарбақты ауылындағы Галкин мектебі жанында 90-нан астам өсімдік түрі бар. Балалар жазғы демалыс кезінде оларды өздері күтіп-бағады.