11 қаңтарға қараған түні қолайсыз ауа райына байланысты өңірдің 117 ауылдық елді мекенінде электр қуатының өшірілуі тіркелді. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды.

Дауылдың екпіні 37 м/с құрады.

"Сағат 11.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты 69 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. Облыстың сегіз ауданында: Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты, сондай-ақ, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында 48 ауылдық елді мекенде 4040 абонент электр қуатынсыз қалып отыр", – деді баспасөз қызметінде. 

Авариялық өшірулерді жоюмен 56 жөндеу бригадасы айналысуда. Жұмыстарға барлығы 168 адам және 56 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы салдарынан  бес ауылда шатырдың жартылай бұзылуы тіркелді.


Оқи отырыңыз: Жылу мен жарыққа жарымай отырған атыраулық 4 мың тұрғын қыста жылусыз қалды


Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі есептелуде, содан кейін мердігерлік ұйымдар анықталып, объектілер қалпына келтірілетін болады.