Павлодар облысында 1,5 млн теңге алимент төлемеген әке сотталды
Азамат сот ескертулерін елемей, жұмысқа орналасқысы келмеген.Павлодар облысы Тереңкөл ауданында тұрғын 2019 жылдан бастап баласына алимент төлемеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер азамат алимент бойынша пайда болған қарызын өтеуге және оны ай сайын төлеуге бағытталған бір де бір шараны қабылдамаған. Сот актілерін орындау міндеттілігі туралы сот орындаушыларының жазбаша хабарламалары мен ескертулерін елемей, жұмысқа орналасқысы келмеген.
"Ер азамат ҚР ӘҚБтК 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК, яғни 14 585 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Алайда содан кейін де кәмелетке толмаған қызын асырауға алимент берешегін өтеу үшін тиісті шаралар қолданбаған. Осылайша биылғы жылдың басында жалпы қарызы 1,5 млн теңгеге жетті", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Баласына 15 мың теңгесін қимайды". Алимент өндіру үшін не білу керек?
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Сот шешімімен оған жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.