Павлодар мен Қарағанды облысының шаруалары 17 мың гектар жерді бөлісе алмай, бір-бірімен соттасып жүр. Таласқа түскен аумақты екі өңірдің фермерлері бір-біріне бергісі жоқ. Мәселен, үкіметтен жалға алған телімге Баянауыл ауданына қарасты Ұзынбұлақ ауылының тұрғындары мал жайса, оны қарағандылық фермерлер келіп жыртып, егін егеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Екі ортада созылған жер дауы, мал шаруашылығының дамуына тұсау болды деген шаруалар биліктен бұл мәселені тездетіп шешіп беруді сұрап отыр. Даулы жерге қатысты мәселе Баянауыл ауданының тура Қарағанды облысымен шектесетін тұсында туындаған. Бұл аумақтағы екі ауылда 50-ден аса шаруа қожалығы бар. Олар үкіметтен жалға алған жеріне мал жайып, күн көреді. Бірақ үш жылдан бері мазасы қашқан. Сөздерінше, шаруалардың бұған дейін мал бағып келген жайылымын Қарағанды облысының фермерлері жыртып, егін егуді әдетке айналдырған.

Мұрағаттағы мәліметтерге қарағанда аталмыш жер учаскесі 60-жылдары Қарағанды облысының иелігінде болған. Ал 1980 жылы Қазақ КСР-і ауылшаруашылық министрінің келісімімен, Павлодар облысының депутаттары жерді қайтару туралы шешім шығарады. Сол жылдың қаңтарында даулы аумақ Павлодар облысының территориясына енген.


Оқи отырыңыз: Атыраулық шаруалар егіс алқабына Өзбекстаннан жұмысшы тартуды сұрап отыр


"Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде бұл аумақ Павлодар облысының, соның ішінде Баянауыл ауданының шекарасында көрсетілген. Яғни Қарағанды облысының аумағы емес. Жер телімінің Павлодар облысына қарасты екенін куәландыратын құжаттар бар", – дейді Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев. 

Ауыл ақсақалдары болса елу жылдан артық елді сарсаңға салып қойған жер дауына нүкте қоятын кез келді дейді. Екі ортада әділдік іздеген фермерлер 8 айдан бері сот табалдырығын тоздырып жүр. Осыған байланысты ауылшаруашылық министрлігі екі өңірге даулы жерді тең ортадан бөліп алуды ұсынған. Тараптар ол мәселені сот шешімінен кейін ақылдаспақ.