Пандемия кезінде спорт, демалыс, көңіл көтеру саласындағы қызметтер көлемі екі есеге қысқарған
Саладағы қызметтер құны бір жылда 5%-ға өскен.Спорт, демалысты ұйымдастыру және ойын-сауық саласындағы қызметтер көлемі биыл бірінші тоқсанда 48,3 миллиард теңгені құрады. Бұл 2020 жылы карантин алдындағы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2 есе аз. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
"Коронадағдарыс" пен енгізілген карантиндік шектеулер салдарынан 2020 жылы сектордағы қызметтердің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда күрт төмендеп, 218,7 миллиард теңгені құрады. Былтыр сәуір-желтоқсан айларында спорт пен демалыс саласындағы қызметтер көлемі 134 миллиард теңгені құраса, ал 2019 жылы сәйкес кезеңде 210,6 миллиард теңге болған еді.
Бірінші тоқсанда қызметтердің ең үлкен көлемі Нұр-Сұлтанда (11,1 миллиард теңге) көрсетілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе аз. Одан кейінгі орында Алматы, Қарағанды облысы және Шымкент тұр.
"Қызметтер көлемінің өсуі тек Шымкентте, Алматыда, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалды. Фитнес-клуб қызметі саласында ғана құндық мән өсімі тіркелген, бірден 3,6 есеге өскен. Спорт клубтары қызмет көрсету көлемі 32,8%-ға азайған. Қуыршақ театрлары, би залдары мен дискотекалар, көңіл көтеру және тақырыптық парктер қызметінің көлемі төмендеген. 2021 жылдың маусым айының соңында ойын-сауық, демалыс және мәдениет саласындағы қызметтер 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға қымбаттаған", – делінген хабарламада.
Атап айтқанда, жаттығу залдарына жазылу – 4,2%-ға, бассейндерге – 4,1%-ға, балалар аттракциондарының қызметі 3,7%-ға өскен.