17 қыркүйекте Атырау қаласының әуежайында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның Қызыл кітабына енген 28 ителгі құсын контрабандалық жолмен шетелге шығармақ болған шетелдіктер мен Қазақстан азаматтарын ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық пиғылы бойынша құстарды Таяу Шығыс елдерінің біріне жеткізуді жоспарлаған.

Ұйымдастырушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында ителгі құсын ұстауға арналған арнайы жабдықталған бөлме, оларды ұйықтатуға арналған медициналық препараттар табылды.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Келтірілген залалдың сомасы 200 млн теңгеден астам", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның үздік бүркітшілері анықталды. 


Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді.