Отандық демалыс орындарының қызмет құны 40 пайызға қымбаттады
Жаз маусымы басталысымен баға тағы шарықтайды деп күтіліп отыр.Отандық туристік агенттіктердің есебінше, демалыс орындары қазірдің өзінде қызмет көрсету құнын 40 пайызға қымбаттатқан. Ал жазда баға тағы өседі. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Қазақстан туристік қауымдастығы арнаға ұсынған мәліметтерге сәйкес, жеңілдікпен, яғни алдын ала бронь бағасымен есептегеннің өзінде Ақтауда бір күн тынығу құны 25 мың теңгеден басталады. Алакөлде орташа баға – 10-20 мың теңге. Сарыағаш, Бурабай, Балқашта 10 мың теңгеден басталады. Баға өскен, алайда сапа жақсармаған.
"Қазақстандық сервистер әлі дамымаған, сапасы өте нашар деп айтсам болады. Бағасының қымбаттығынан бөлек, демалыс орнына жетудің өзі қиын. Одан гөрі Дубайға барып демалған тиімді", – дейді турист Айнұр Азаматқызы.
Kazakh Tourism компаниясы былтыр отандық демалыс орындарында 7 миллионға жуық адам демалғанын хабарлады. Одан туристік орындар 109 миллиард теңге пайда тапқан. Ұлттық компания биылғы табыс одан да жоғары болатынын болжап отыр. Себебі, 3 облыстың құрылуына байланысты жаңа тур бағыттары ашылады.
Оқи отырыңыз:
- Алакөл. Қай жағалауында демалған дұрыс?
- Алакөл, Балқаш әлде Каспий? Қазақстанда көл жағасында демалу қанша тұрады?
"Болашақ Абай облысында Абайдың туған жері Жетібай бар. Семейден Жетібай дейінгі жер – Әуезовтың ауылы. Одан әрі "Қоңыр әуле" үңгірі тұр. Бір маршруттың ішінде қаншама нысан бар. Одан бөлек Ұлытау аймағында да туроперторлар көптеген ұсыныстар беріп жатыр. Мысалы, бір күндік "Қасиетті Ұлытау" не үш күндік "Хан жолы" турлары бар", – деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебеков.
Қазір қазақстандықтар 74 мемлекетке визасыз режиммен саяхаттай алады. Ал пандемияға байланысты жабылған шекаралар 2024 жылға қарай толық ашылып, туристер саны көбейеді деген болжам бар.