Өскемендегі электротехникалық құрылғылар шығаратын зауыт жұмысшылары жыл басынан бері жалақысын ала алмай жүргеніне наразылық білдірді. Айтуларынша, алып компанияның қызметкерлері алдындағы қарызы 300 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Жалақы төлемейді. Зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру төлемдерін төлемегелі қашан?! Соның кесірінен емханаға бара алмаймыз. Дәрігерлер қабылдамайды. Халықты қаншама жылдан бері алдап келеді", – деді жұмысшы Елена Рябченко. 

"Кэмонт" компаниясының жұмысшылары жыл басынан бері барлық органға шағымданып келе жатқанын айтады. Тіпті қолдарында серіктестік басшылығының қызметкерлердің жалақысын төлеуге міндеттелгені туралы сот шешімі де бар екен. Сонда да компания өкілдері бір тиын да төлемеді деп ашулы. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ең төменгі жалақы күнкөріске жете ме? Инфографика


"Мен жалғызбасты анамын. Екі баламды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Пәтер жалдап тұрамын. Пәтер ақысын төлей алмағандықтан бізді далаға қуып жатыр. Сонда мен не істеуім керек?" – деді жұмысшы Марина Егорова. 

Ал "Кэмонт" компаниясының басшылығы жұмысшылардың еңбекақыларын төлеуден қашпаймыз, тек серіктестіктің шоттары бұғатталғандықтан қарыздарымызды өтей алмай келеміз, дейді. 

"Пандемия кезінде компания қиыншылықтарға тап болды. Қазір қарыздарды төлей алмаған соң есеп шоттарымыздың бәрі бұғатталды. Енді біз жалақыны қалай төлеуіміз керек? Жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, біз біртіндеп қарызымызды өтейміз", – "Кэмонт" АҚ бас директоры Елена Беленцева. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда орташа айлық жалақы – 340 636 теңге. Стратегиялық жоспарлау агенттігі оның қалай есептелетінін түсіндірді


Мемлекеттік еңбек инспекциясы да бұл мәселеден хабардар. Бірақ мәселені шешуге қауқарсыз екендерін мойындайды. Жұмысшылар бұл істі соңына дейін жеткізу үшін араға облыс басшылығы мен еңбек министрлігінің араласуын сұрайды.