Биыл тарауық намазын оқу 10 наурызда басталады. Ал оразаны 11 наурыздан бастап ұстау шарт. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, Рамазан айынан бір күн бұрын, кешкі құптан намазынан соң тарауық намазы оқыла бастайды. 

"Тарауық намазы 20 ракағаттан тұрады. Әр екі ракағаттан кейін сәлем береді. Төрт ракағат етіп оқыса да болады. Жалғыз оқыса да дұрыс, бірақ жамағатпен оқығанның сауабы зор. Тарауық намазымен бірге үтір намазы да жамағатпен оқылады. Имам тарауық намазы мен үтір намазының қирағатын дауыстап оқиды", – делінген ҚМДБ хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: ҚМДБ намазда талтайып тұратындарға ескерту жасады


Діни басқарманың Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлдың айтуынша, Тарауық намазының әр ракағатында "Фатиха" сүресінен соң бір қысқа сүре оқылады. Әдетте Құран Кәрімнің ең соңғы 10 сүресі оқылады. Бірақ, Рамазан айы ішінде Құранды басынан бастап, аяғына дейін толық бір рет оқып шығу – сүннет.

"Тарауық намазын құптан намазынан кейін оқу – сүннет. Сондықтан құптан намазына үлгермеген адам алдымен құптан намазының парызы мен сүннетін оқып, одан соң тарауық намазына қосылады. Тарауық намазының қалған ракағаттарын және үтір намазын кейін өзі жалғыз оқып бітіреді. Тарауық намазының қазасы оқылмайды", – деді Хасан Аманқұл. 


Оқи отырыңыз: ҚМДБ 1 наурыздан бастап намаз кестесін жаңартады


Еске салайық, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі бекіткен 2024 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, биыл ораза 11 наурызда бастау алады. Діни басқарма әзірге ораза кестесін жариялаған жоқ.