Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай, осы айда атқарылған жұмыстардың есебін шығарды. 

Діни басқарма 30 күнде республика бойынша 565 мешітте тарауық намазын ұйымдастырып, 637 қари күнделікті Құран Кәрімді хатым еткен. Барлығы 3300 рет Құран хатым оқылып, дұғасы жасалған.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен 2 300 000 адамға ауызашар берілсе, Қазақстаннан бөлек Түркия мен Мысырда қазақстандық жалпы саны 320 студентке ауызашар жасалған. Ал Қазақстан ішінде ауызашар дастарханы Астана, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудан, ауыл-аймақтарда орналасқан 1240 мешітте жайылған. 

"Рухани шараға мешіт жамағатынан бөлек медресе шәкірттері, студент жастар, балалар мен мүгедектер үйінен келген жандар, сонымен қатар көпбалалы ата-аналар, жалпы көмекке мұқтаж азаматтар қатысты", – делінген діни басқарманың хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Шәууәл 2024: Ораза қай кесте бойынша ұсталады және қалай ниет ету керек


Ал ҚМДБ "Зекет және қайырымдылық" қорының "Ел үлесі – пәтерге" жобасы бойынша 10 дін қызметкеріне және 20 көпбалалы отбасыға – барлығы 30 баспананың кілті табысталды. "Рамазан қоржыны" 29 377 көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үлестірілген. 

"Ораза айында елорданың және облыстардағы барлық мешіттерде тарауық намаздарынан соң жамағатқа бірнеше бағыт бойынша тегін автобустар мен тегін такси тасымалдау қызметін көрсету ұйымдастырылды", – делінген ҚМДБ хабарламасында.