Оқушылар күзгі каникул кезінде қандай мәдени іс-шараларға тегін қатыса алады
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы мектеп оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырады.Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен күзгі каникул кезінде мектеп оқушыларына бірқатар тегін іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
- Ұлттық музейде мектеп демалысы кезінде тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында тақырыптық тегін экскурсиялар өткізіледі. Экскурсия барысында оқушылар британдық мүсінші Юнус Сафардиардың туындылары мен отандық суретші Тілеужан Батановтың жеке көрмелерін тамашалай алады.
- Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде "Алтын күз" тақырыбында пленэр, тұмар жасау бойынша шеберлік сабақтары жоспарланған.
- Мемлекеттік Орталық музейі балалар үшін "Қазақ хандығының билеушілері" жобасы аясында циклдік сабақтар, "Абылай хан" және "Қазақ халық фольклоры: қазақ ертегілері әлемінде" жобасы аясында театрландырылған "Алдар Көсе – менің сүйікті кейіпкерім" музейлік сабақтарын ұйымдастырады.
- Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияда "Оқушыларға арналған абономент" жобасы бойынша әр концертке кіру үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы 10 орын тегін қарастырылған.
- Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік музей-қорығы "Күзгі демалыс музей аясында" атты апталық өткізіп, оқушылар арасында викториналар, "Таңбалы" музей-қорығы оқушылар үшін қызық квест-ойын өткізуді жоспарлап отыр.
- "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында осы жылдың қыркүйек айынан бастап арнайы мектеп оқушылары үшін "Ясауитану" клубы мен "Жас археолог", "Жас реставратор", "Жас экскурсовод" үйірмелері тұрақты түрде тегін жұмыс жасап келеді.
- Музей педагогикасы жобасы бойынша "Ботай" музей-қорығында балалар үшін тегін көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізіледі. Сонымен қатар экскурсия барысында "Ботай мәдениетінің археологиялық зерттеулері" инсталляциясы ұсынылады.
- "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты "Қарахан", "Дәуітбек", "Айша бибі", "Бабаджа хатун" кесенелері, "Ақыртас" сәулет-археологиялық кешені мен "Көне Тараз" ашық аспан астындағы археологиялық саябағына балаларға жыл бойына ақысыз кіру қарастырылған.
- 2017 жылдан бастап әр айдың соңғы жексенбісінде және каникул күндері мектеп оқушылары үшін "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тегін кіре алады. Сонымен қатар Есік және Алматы қалаларындағы мүгедек және көру қабілеті нашар балаларға музей-қорыққа ақысыз кіру қарастырылған.
- "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы мектеп оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырып, "Күз қызықтары" шеберлік сағатын өткізеді.
- "Отырар" мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Арыстанбаб кесенесі, Отырар-төбе және Сапар орталығы ғимараттарына экскурсияларды тегін ұйымдастырады.
- "Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы" мектеп оқушыларына арнап "Жошы ұлысы: тарихы және мұрасы" тақырыбында тегін көрме ұйымдастырады. Көрмеде Ұлытау өңірінде орналасқан Алтын Орда дәуіріне жататын тарих және мәдениет ескерткіштері таныстырылады.