Оқу министрлігі оқушыларды аралық емтиханнан босататын үш себепті атады
2024 жылы алғаш болған аралық емтихан кезінде оған оқушылардың түрлі себеппен қатыса алмауы түсініспеушілік туғызған болатын.Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті мектеп оқушыларының аралық емтиханға қатыспау құқығын беретін үш себепті белгіледі. Олар:
- Оқушының денсаулық жағдайы;
- Мүмкіндігінің шектеулі болуы (бала кезден мүгедектік, І және ІІ топ мүгедектігі);
- Жақын туыстарының қайтыс болуы.
Қандай себеп болмасын, ол оқу орны басшысының бұйрығымен ресімделуі тиіс. Оған негіз болатын құжаттар.
- Дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы;
- Оқушының жақын туыстарының қайтыс болғаны туралы куәлік.
Оқи отырыңыз: "Қазақ тілінен" міндетті емтихан: Оқушылар мен ата-аналар не білуі керек
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауында, аралық аттестаттаудан босатылған білім алушылар үшін қорытынды баға оқу жылының жылдық бағасы негізінде қойылады.
Бұл туралы аталған министрлік әзірлеп, Ашық НҚА порталында қоғамдық талқыға ұсынған құжат жобасынан белгілі болды.
Еске салайық, биыл мамыр айының соңында қазақстандық оқушылар тұңғыш рет қазақ тілінен аралық емтихан тапсырды. Оған оқушылар қатыса алмайтын себептер регламенттелмегендіктен, түрлі себеппен емтихан тапсыра алмаған оқушылардың жағдайы сұрақтар туғызған болатын.
Оқи отырыңыз: "Өз тілін білмеу – ұят". "Қазақ тілінен" мемлекеттік емтихан қалай өтіп жатыр