Оқу министрі: Енді оқушылар шетелдік олимпиадаларға білім басқармасының бұйрығымен ғана жіберіледі
Ғани Бейсембаев оқушылардың қауіпсіздігі үшін министрлік бірқатар шара қабылдап жатқанын айтты.Енді ата-аналар баласын халықаралық байқаулар мен шетелдік олимпиадаларға қатыстыру үшін білім басқармасының бұйрығын алуы керек. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Үкімет кулуарында журналистер министрден Қырымдағы лагерьге барып-келген оқушылар мен осы мәселеге қатысты министрлік қабылдаған шаралар стуралы сұрады.
"Балалардың бәрі аман-есен елге оралды. Қазір ата-аналарының жанында. Бұл ата-аналардың өз еркімен жасалған дүние. Ары қарай да осындай мәселелерге жол бермеу үшін білім басқармасының бұйрығынсыз және министрліктің балалардың құқығын қорғау комитетінің рұқсатынсыз балаларды шетелге жіберуге жол бермеу мәселесі қолға алынып отыр", – деді министр.
Еске салайық, сәуір айының аяғында 10 оқушы Қырымдағы лагерьге 24 күнге жіберілгені белгілі болған. Сапарды Астанадағы Орыс үйі – "Россотрудничество" ұйымдастырған.