Оқушыларға мектепте киюге рұқсат етілетін киімдер тізімі жаңарды
Оқушылар енді мектепте күрте, кардиган, поло жейде не тенниска кие алады.Ашық НҚА порталында мектеп формасына қатысты жаңа талаптар жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. Жобада ұлдар мен қыздарға мектепте киюге рұқсат етілетін киімдердің жаңа тізімі берілген.
Атап айтқанда:
- ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
- қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады (қарамен белгіленген киім түрлері тізімге жаңадан еніп отыр – ред.).
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда мектеп формасы түрлерінің саны 20-ға қысқарады
- Аружан Саин: Оқушылар мектепте тегін тамақтанып, тегін форма киуі қажет
Сондай-ақ, бұйрық жобасына сәйкес, енді орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және тағы басқа) киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналастыру талабы алынып тасталған. Сәйкесінше, мұндай белгілерді енді мектеп формасының кез келген бөлігіне орналастыруға болады.
Бұйрық жобасы 15 қарашаға дейін ашық талқылауда болады.