Маңғыстау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарына үндеу жасап, тыныштық сақтауға, жағдайдың тұрақсыздығына жол бермеуге шақырды.

"Бұл жағдайдың баршамыздың көңілімізге қаяу түсіріп отырғаны жасырын емес. Осы сәтте біз ашу үстінде асығыс шешім қабылдамай, сабыр сақтағанымыз жөн. Біз кез-келген түйткілді мәселе мен қиындықтарды ақылмен шешіп, абыроймен алып келеміз. Қоғамдағы шиеленісті одан әрі ушықтыру, заң мен құқықтық нормаларды бұзу – бұл жағдайдың тұрақсыздануына әкеледі, мәселені шешпейді", – деп атап өтті аймақ басшысы.

Оның айтуынша, жағдай заң шеңберінде әділ шешілуі қажет.

"Баршамыздың мақсатымыз бір – ертеңгі күнге деген сенімділік пен елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Қазір әсіресе арандатушыларға еріп кетпей, олардың ел ішіне іріткі салып, тыныштықты бұзуына жол бермеуіміз қажет. Бәріміздің мақсатымыз бір. Халқымыз адал еңбек етіп, атқарған жұмысына сай еңбекақысын алып, ертеңіне сеніммен қарап, сыйластықта өмір сүруді қалаймыз, және оны жүзеге асыру үшін жұмыстанудамыз. Кәсіпорындарда тыныштық пен тұрақтылықтың болғаны бәріміз үшін де тиімді", – деді ол.


Оқи отырыңыз: В Астане задержали рабочих из Жанаозена, собравшихся у здания Минэнерго


Еске салайық, 11 сәуір күні Астанада Энергетика министрлігінің алдында рұқсатсыз митинг өткізген жаңаөзендік жұмысшылар ұсталған болатын. Олардың бәрі "БерАли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы жұмысшылары. Компания ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны "Өзенмұнайгаз" компаниясына мұнай сервис қызметтерін көрсету тендерінде жеңіліс тапқан болатын. Жұмысшылар тендер қорытындысына қарсы шығып, өзге компанияға жұмысқа ауысудан да бас тартты.

Астанада заңсыз митингке қатысқан жұмысшылар ұсталған соң Жаңаөзенде адамдар алаңға жиналып, ұсталған жерлестерін босатуды талап етті. "ҚазМұнайГаз" компаниясының хабарлауынша, "Өзенмұнайгаз" АҚ, "ӨзенМұнайсЕрвис" ЖШС және "Бұрғылау" ЖШС жұмысшылары жұмысты тоқтатқанымен, бір сағаттан соң қайта жұмысқа оралған.