Неге атаулы әлеуметтік көмектен бас тартуға болмайды? Еңбек министрлігі ҚХП сауалына жауап берді
2022 жылы АӘК тағайындалған 94 мыңнан астам отбасы кедейлік жағдайынан шықты.Таяуда Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясының өкілі Гаухар Танашева премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынып, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті алу өте күрделі және ол адамдарды қорлау сипатына ие.
Бұл сауалға орай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жауап берді.
Оның түсіндіруінше, атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бастап беріліп келеді. Негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған, кедейлік шегіндегі отбасыға уақытша көмек беру.
"Мемлекет АӘК тағайындаған соң, отбасы мүшелерінің жұмысқа жарамдысын орналастырып, кедейлік шегінен шығарады. Сәйкесінше, АӘК те сол кезде алынады. Депутаттың "көпбалалы аналардан АӘК алып тастаймыз" деген ұсынысы орынсыз. Себебі, бұл көпбалалы аналарға берілетін айлық емес, мемлекет тарапынан берілетін уақытша көмек. АӘК шартты түрде 1 жылға немесе жарты жылға беріледі. Көпбалалы аналар да атаулы әлеуметтік көмекті уақытша алады",– деді ол.
Оқи отырыңыз:
- ҚХП Мәжілісте атаулы әлеуметтік көмекті жоюды ұсынды. Оның орнына не енгізу қажет?
- 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекті кімдер және қалай алады?
Сәкен Ділдахмет атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін де айтып берді.
"АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен азаматтарға беріледі. Орташа бағасы бір адамға - 12 мың теңге. 2021 жыл бойынша 94 мың отбасыға мемлекет тарапынан АӘК тағайындалды. Ал 2022 жыл соңында осы 94 мың отбасы жұмыспен қамтылды, кедейлік шегінен шықты. Бұл АӘК-тің пайдасы әрі тиімділігі деп едім",– деді ол.