"Не істерімізді білмейміз". Алматыда 200-ден астам үлескер үйлеріне кіре алмай жүр
Алматыда 200-ден астам үлескер үйлеріне кіре алмай жүр. Өйткені "Рамс" құрылыс компаниясы уәде еткен мерзімде баспананы салып бітірмеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Келісімшарт бойынша бір жыл бұрын берілуге тиіс болған пәтерлердің тек іргесі ғана қаланған екен. Үй үшін несие алып, қолындағы соңғы тиынын санап берген жандар енді қайда барарын білмей дал. Ал халық сенген компания құрылыстың кешігу себебі бар деп ақталды.
Осыдан бір жарым жыл бұрын "қаланың қақ ортасынан үй алдық" деп жақындарынан сүйінші сұраған көптің бүгінде қуанышы сейілген. Өйткені баспана құрылысына халықтан қаржы алған "Рамс" компаниясы тұрғындарға пәтер кілтін табыстауға асықпайды. Тіпті 2023 жылғы желтоқсанда берілуге тиіс болған пәтерлердің терезесі де салынбаған екен.
"Жеті сайын келеміз. Ішіне кіргізбейді. Ал сыртында ештеңе жасалып жатқан жоқ. Сол қалпы тұр. Енді бәріміз жиналып не істерімізді білмейміз", – деді қала тұрғыны Серік Каранов.
Үлескерлердің дені үй үшін несие алып, қолындағы соңғы тиынын берген. Алайда, баспаналы боламыз деп үміттенгендердің көбі қазір пәтер жағалап жүр. Олар шаршы метрі миллион теңге тұратын пәтерден бас тартпайтынын айтады.
Сондықтан құрылысты тездетіп бітіріп берулерін талап етеді.