Мемлекеттің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында өз таңдауын жасады. Ол Астана Операдағы №393 учаскеге келді. 

Дауыс берген соң, Нұрсұлтан Назарбаев журналистердің Кәрім Мәсімовке қатысты сұрағына жауап берді. 

"Бұл сұрақ мені де мазалайды. Мен тергеу жұмыстары мен соттың аяқталуын күтемін. Бұл істің артында не тұрғаны және себебі анықталуы тиіс. Мәсімов менімен көп жылдар бойы жұмыс істеді. Бірақ, Иса Мәсих қасындағы Яһуданың сатқын екенін біліп пе еді?" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттің бұрынғы басшысы Қайрат Сатыбалдының ісіне қатысты да пікір білдірді. 

"Сотты әділ өтті деп оайлау керек. Әділ болмаса, оған сенбеген адам қарсы болып, өзінің арызын беруі керек. Сондықтан, қайда барғанда да сот жүйесі шешеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске салайық, президенттікке үміткерлердің бәрі сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.