Ұлттық тестілеу орталығы педагогтерге арналған тегін байқау сынақтарының базасын жаңартты. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Байқау сынағы педагогтердің білімін бағалауға дайындалуға көмек ретінде әзірленген. Ұстаздар ҰТО сайтында мына сілтемеге өтіп тегін онлайн тестілеуден өте алады. Ол үшін тек ЖСН теріп, тест түрін таңдап, байқау сынағына кірісу керек.

"Педагогтердің білімін бағалау тестінің жаңа форматына сәйкес тестілеу екі блоктан және 50 тест тапсырмасынан тұрады: бірінші блок "Пәндік білім" – 30 тапсырма, екінші блок "Оқыту әдістемесі" – 20 тапсырма. Осыған байланысты біз байқау сынақтарының базасын жаңарттық. Байқау сынақтарының көмегімен педагогтер өздерінің дайындығын жақсартып, тестілеудің жаңа форматымен таныса алады", – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер білім бағалау тестін қалай тапсырады? Маңызды 10 сұраққа жауап


Ұстаздар ҰТО сайтының "Педагогтерге" бөлімінде тест тапсырмаларының сипаттамасымен таныса алады. Сондай-ақ, сайтта тестілеудің сұрақтары ұсынылған әдебиеттердің тізімі жарияланды.

Айта кетейік, 2023 жылғы 27 наурызда 3-22 сәуір аралығында өтетін педагогтердің білімін бағалауға өтініштер қабылдау басталды. Тестілеуге app.testcenter.kz сайтында тіркеледі.