Муан әуежайындағы ұшақ апаты: Қасым-Жомарт Тоқаев корей халқына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Республикасы президентінің міндетін атқарушы Чой Сан Мокқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Муан әуежайында болған ұшақ апатының салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Оқи отырыңыз: Бортта 161 жолаушы болған: Оңтүстік Кореяда тағы бір ұшақ апатты жағдайда әуежайға қайта қонды
Президент жақындарынан айырылған отбасыларға және барша достас корей халқына көңіл айтып, апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Осыған дейін Муан халықаралық әуежайында Jeju Air ұшағы апатқа ұшырағаны туралы хабарланған болатын.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда ұшақ апаты болып, 179 адам қаза болды. Ұшақта 181 адам болған. Өрт сөндірушілер бір жолаушы мен экипаж мүшесін ғана құтқара алған.