Қазақстан ауылдарындағы сегізінші сынып оқушыларына арналған IQanat Олимпиадасы биыл Моңғолияда да болды. Этникалық қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгей аймағында іріктеу туры өтіп, оған 100-ге жуық қандас қатысты, деп хабарлады жоба ұйымдастырушылары. 

Айта кетейік, IQ Nomads бағдарламасы аясында қазірдің өзінде Қырғызстан және Моңғолиялық үш оқушы Бурабайдағы IQanat мектебінде тегін білім алып жатыр. 

Олардың бірі Іңкәр Серіктің айтуынша, Моңғолияның шалғай ауылдарында сапалы білімге мұқтаж талантты қазақ балалары өте көп. Мұндай ауылдарда интернет те жақсы ұстамайды, сондықтан көбі Қазақстандағы IQanat мектебі мен осы аттас олимпиада туралы біле бермейді. Сондықтан, Іңкәр Серік биыл олимпиаданы ұйымдастырушылармен бірге Моңғолияға барып, өз жерлестерін осы шараға белсенді қатысуға шақырды. 

Биыл аталған мектепке оқуға қабылданатын шетелдегі қазақ балаларының қатары арта түседі. 


Оқи отырыңыз: Ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың ІІ кезеңі басталды


IQanat қорының хабарлауынша, Қазақстанда өткен олимпиаданың ІІ турына 10 мыңға жуық оқушы қатысты. Балалардың 70 пайыздан астамы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. 

Қор, сондай-ақ биыл Peer-to-Peer жобасын да іске қосты. Оның аясында жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері кіші сынып балалары үшін тәлімгер болып, география, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, физика, математика, биология және химия пәндері бойынша білімін жетілдіруге көмектесті. 

"Олимпиаданың екі аптасында біздің түлектеріміз бен жоғары сынып оқушылар қатарынан құралған 200 тьютор 6300 сегізінші сынып оқушысына көмектесті. Бұл – ауылынан алыс сапарға алғаш шығып, жаңа ортаға түскен балалар үшін үлкен қолдау", – деді Peer-to-Peer жобасының жетекшісі Әсел Әбдірахманова.