ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев "Иман" діни-танымдық журналына берген сұхбатында әлеуметтік желілердегі "мешіт салғанша, мектеп, балабақша, аурухана салынсын" деген мазмұндағы жазбаларға жауап берді. 

"Мешіт салудың қоғамға пайда әкелмесе, зиян әкелмейтінін естен шығармау керек. Тіпті адамзаттың арғы-бергі тарихын ақтарып қарасаңыз, ғибадатханасыз қала болмаған. Яғни адам баласы әрқашан Жаратушысына мұқтаж екенін діни наным-сенімі, құлшылығы арқылы білдіріп отырған. Ал мешіт тек ғибадат қана емес, ол білім мен рухани тәрбиенің ордасы", – деді Марат Жаппасбаев. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысында имам шырақшының үйін меншігіне өткізіп алған ба?


Оның айтуынша, бүгінін ғана емес, ақыретін де ойлаған мұсылман баласы елге пайдалы кез келген құрылыс нысанын салып, халықтың пайдалануына беріп жатса, бұған тек қуану қажет. 

"Мектеп те, аурухана да, балаларымыз сыймай жатқан балабақшалар да қоғамға керек. Бірақ, мешіт те – дәл сондай керектердің бірегейі. Мектеп, ауруханаларды салуға мемлекеттен ақша бөлінсе, мешітті тек ерікті азаматтар ғана өз қаржысына салдырып келеді", – деді ҚМДБ маманы.