Мереке мен жаңбырлы күні бағаны көтеретін таксиге қандай шектеулер қойылады
Үш ай ішінде таксист бес рет қана бағаны үш еселенген коэффициентпен ала алады.Қазақстанда мереке күндері не қолайсыз ауа райы жағдайында таксилердің бағаны тым шарықтатуына шектеу қою жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында хабарлады.
Министрдің түсіндіруінше, Яндекс такси қызметіне сұраныс жоғары уақытта (мысалы, қолайсыз ауа райы жағдайында немесе мереке күндері) тарифті үш еседен артық қоюға шектеу енгізеді. Атап айтқанда, таксист бұл қызметті үш айда бес реттен артық қолдана алмайды. Яғни аталған мерзім ішінде оның бағаны үш еседен артық етіп бес реттен көп белгілеуіне жол берілмейді.
Министр жауабындағы мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы үш айында 238 мың тапсырыстың бағасы үш еселенген коэффициенттен асып түскен. Бұл жалпы тапсырыс көлемінің 0,15 пайызын құрайды.
Оқи отырыңыз: Астанада құлағы мен тілі мүкіс такси жүргізушісіне тіл тигізген адам 15 тәулікке қамалды
Сондай-ақ, Нұрлан Байбазаров такси тарифінің құнын төмендету мақсатында Яндекс "Бірге" тарифін енгізгенін де хабарлады. Бұл тариф жолшыбай өзге жолаушыны да алуға рұқсат етеді.
"Бұл тариф 2023 жылдың желтоқсанында іске қосылып, 2024 жылдың бірінші тоқсанында осы тариф бойынша шамамен 4,5 млн сапар жүзеге асырылды", – делінген министрдің жауабында.