Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың еңбекақысы 10%-дан 70%-ға дейін өсетінін хабарлаған болатын. Оған сәйкес, өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңгені құрауы тиіс.

Алайда, бұл бастаманың мемлекеттік емес өрт сөндірушілерге қатысы жоқ. Бұл туралы "Ашық диалог" сайтында қолданушының сауалына төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшінбаевтың жауабынан белгілі болды.

"Өрт сөндірушілердің жалақысын 10-нан 70%-ға дейін арттыру мемлекеттік емес өрт сөндірушілерге қатысы жоқ. Өйткені, "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің № 646 және "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" ҚР Үкіметінің №1193 қаулысының талаптары тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге ғана қолданылады", – деді Ибрагим Күлшінбаев.


Оқи отырыңыз: "Орманшының жалақысы – 45 мың теңге". Эколог орман өртіне әкелетін себептерді атады


Оның түсіндіруінше, меншіктің өзге де нысандарындағы авариялық-құтқару қызметтерінің үстемеақыларын төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының (Азаматтық кодекс, Еңбек кодексі, ұжымдық шарттар және тағы басқа) нормаларына сәйкес жұмыс беруші мен қызметкер арасында дербес белгіленеді.