Президент: Қазақстан тәуелсіздік тарихындағы ең қиын дағдарысты бастан өткерді
Тоқаев ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына жедел көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүлікшілердің екі әскеридің басын кесіп алғанын айтты.
"Бандиттер полицейлер мен әскерилерге шабуыл жасап, оларды асқан қатыгездікпен ұрып-соққан. Екі әскери қызметкердің басын кесіп алған", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына жедел көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
"Құрметті әріптестер, кезектен тыс саммитімізді өткізу төтенше оқиғалармен байланысты болып отыр. Қаңтардың бірнеше күнінде Қазақстан ауқымды дағдарысты басынан өткерді. Ол тәуелсіздік тарихының 30 жылындағы ең үлкен, ауыр дағдарыс болды. Мұндай шынайы қатердің деңгейіне жалпы біздің ұйым да тап келіп көрген емес", – деді мемлекет басшысы.
Еске салсақ, ҰҚК полковнигі Азамат Ыбыраевтың мәйіті табылғаны туралы хабарлаған едік. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.