"Мектептің жақсаруына көмектес!": бір аптада 65 мектеп дәретханасы мен асханасына шағым түсті
Өтініштердің басым бөлігі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан түскен."Балаға лайық" мектеп дәретханалары мен асханаларын қадағалау акциясының бірінші аптасында қазақстандықтар 65 нысандағы сәйкессіздіктер туралы хабарлады. Еске сала кетейік, акция "Мектептің жақсаруына көмектес!" ұранымен өтіп жатыр. Бірінші кезең 2022 жылғы 27 сәуірде басталып, 25 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
"Бірінші аптада WhatsApp және Telegram арналарымызға 65 нысан бойынша 400-ден астам хабарлама, фото және бейнематериалдар келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан түсті. Акция бір апта бұрын басталса да, оқушылар мен ата-аналар сәйкессіздіктер туралы ақпаратты белсенді түрде жіберіп жатыр. Колледждер мен университеттердің студенттері хабарлама жолдаған. Біз түскен өтініштің барлығын есепке аламыз. Тұрғындар гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, жылы дәретханалардың жоқтығы, салқын немесе дәмсіз тағамдар және т.б. туралы хабарлап жатыр. Сонымен қатар олар үлгілі, талапқа сай келетін нысандар туралы ақпарат жіберіп жатқаны қуантады. Айта кетейік, акция мектеп әкімшілігін жазалау мақсатында емес, жағдайды бірлесіп жақсарту мақсатында өткізіледі. Мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзырында болғандықтан, түсіп жатқан ақпараттарды соларға жібереміз. Бүгінгі күні барлық ескертуді жою бойынша аймақтармен қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп айтты ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Оқи отырыңыз: Екі жылда 1600 мектеп дәретханасы салынып, іске қосылды
Еске сала кетейік, акцияға мектеп оқушылары, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқалар қатыса алады.
Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде WhatsApp 8 700 699 04 46 және Telegram-ботқа сілтемелері бар QR-кодтар орналастырылады.