Мектепте сенбілік пен шыршаға ақша жинауға бола ма? Оқу-ағарту министрі жауап берді
Мектептерде жаңажылдық шырша мен сенбілік өткізуге ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден биыл мектептерде жаңажылдық іс-шаралар өткізу, сенбілік пен шыршаға ақша жинау мәселелері туралы сұрады.
"Ақша жинауға министрліктің бұйрығымен де тыйым салынған. Сондықтан мектепте ешқандай ақша жиналмауы керек. Бұл мектеп бітіру кешіне де, жаңажылдық шыршаға да қатысты. Кез келген шараны ақша жинамай-ақ өткізуге болады. Оның үстіне қазір барлық шара "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында жоспарланған. Кез келген іс-шара көңіл көтеруге ғана емес, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуға тиіс", – деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, сенбілік пен жаңажылдық шыршаны қосымша шығынсыз өткізуге болады. Сонымен қатар ол мұғалімдерге рұқсат етілген мөлшерде ғана гүл сыйлауға болатынын айтты.
"Жалпы мұғалімдер ешкімнен сыйлық күтпейді. Біз, педагогтар, балаларды оқытып, тәрбиелегеніміз үшін материалдық ынталандыруды дәметпейміз. Сол себепті егер жекелеген білім беру ұйымдарында осындайға жол берілсе, біз тиісті шара қабылдаймыз. Шын мәнінде, мектеп - сапалы білім мен тәрбие беретін орын", – деді министр.