Мейрамбек Беспаевтың тарихи тақырыптағы жаңа бейнебаяны жарыққа шықты
Бейнебаянда басты рольді Тұңғышбай Жаманқұлов сомдады.Ұзақ уақыт үзілістен кейін шығармашылығын қайта қолына алған эстрада жұлдызы Мейрамбек Беспаев жаңа бейнебаян түсірді, деп хабарлады Opa ақпараттық порталы.
Бейнебаянға арқау болған "Өмір өтті" әнінің авторы Бағлан Омаров. Режиссері Талғат Теменов болса, басты рольді белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған.
"Бұл ән 2009 жылы жарыққа шықты. Керемет әннің дүниеге келуіне себепкер болған досым мен сазгер Бағлан Омаров ағам. Тамаша ән үшін Бағлан аға сізге мың алғыс. Сөзін жазған аға досым, марқұм Есенқұл Жақыпбеков ағам тыңдап, оң бағасын беріп еді… Көптен бері осы әнге тарихи бір жақсы дүние түсіруді армандап жүрдім. Бүгін міне шүкір сол арманым орындалды Осы туындының режиссері Теменов Талғат ағама, өтінішімді жерге қалдырмай басты рөлді сомдап берген, қазақ өнерінің мэтрі Тұңғышбай Жамақұлов ағама және түсірілім тобына, атсалысқан достарыма, іні-қарындастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Береке бірліктің арқасында тамаша туынды өмірге келді деп ойлаймын", – деп жазды Мейрамбек Беспаев.