Мәжіліс депутаты театр көрермендерінің санын арттыруды сұрады
Қазіргі таңда қызыл аймақтағы театрларға 30 пайыз көрермен ғана кіре алады.Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың алғышарттарын ескере отырып, қабылданған қаулы бойынша шектеу өлшемшарттарын қайта қарап, театрлар мен концерт залдары, филармония, мәдениет үйлерінде көрермен санын арттыруды сұрады.
Депутаттың сөзінше, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысы бойынша Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық обьектілердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Олардың ішінде халық руханиятына қызмет ететін мәдениет обьектілері – театрлар, концерт залдары, филармония бар, сонымен қатар бильярд, боулинг, компьютерлік ойындар, PlayStation клубтары да жұмыс істеуде. Бұлардың бәріне жасыл, сары, қызыл аймақтағы жағдайлары бойынша шектеу шарттары белгіленген.
"Қазіргі таңда қызыл аймақта тұрған ірі мегаполистер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы театрларға 30 пайыз көрермен ғана кіре алады. Мәселен, Алматыдағы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов театрларында 600 орын болса, тең жарымынан астамы бос тұр. Елордадағы Қалибек Қуанышбаев театрында 700 орын болса, 190 орынға рұқсат, көлемі жағынан шағын, дегенмен жастардың сұранысындағы Музыкалық жас көрермендер театры 200 орындық болған соң, 30 пайыз шектеумен 40-ақ көрерменді қабылдауға мәжбүр. Бұл – өнердің өрісіне шектеу", – деп жазды Мақпал Мыса.
Депутаттың ойынша, дәл қазіргі уақытта әуежайлар, сондай-ақ теміржол, автобус, автостанциялардың қызметін бір мезгілде қаншама адам пайдаланатынын ескере отырып, ұлттық театрда көрермен санын, ең болмаса, 50 пайызға көбейтуге негіз бар.
"Руханиятымызды дәріптеп жүрген өнердің қасиетті қара шаңырақтары қаңырап тұрмауы керек. Бірнеше сағат той өткізуге рұқсат берілген кезде, бір, бір жарым сағаттық қойылымнан қайта жанын емдеп, рухани кемелденіп қайтатын көрермен қауымға шектеу қою орынсыз. Қазір біздің елімізге тойшылдықтан гөрі ойшылдық керек", – деді Мақпал Мыса.