Мәжіліс депутаты Кәрім Мәсімовтың ұсталуына қатысты пікір білдірді
Ерлан Саиров содырлардың сырттан келгенін, қазақша білмейтінін айтты.Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров ҰҚШҰ әскерлерінің елге кіргізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады 31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасы.
"ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстанда тәртіп орнағаннан кейін ҰҚШҰ ұжымдық күштері еліне қайтады деп айтты. Ұжымдық күштердің өзінің белгілі бір нормасы мен процедурасы бар. Мысалы, 1994-1995 жылдары ұжымдық күштер Тәжікстанда болып, борышын атқарып, жағдай реттелгеннен кейін елдеріне қайтты. Бұл әскери күштер емес, бітімгершілік күштері Қазақстанда жағдай орныққаннан кейін елдеріне қайтады", – деді Ерлан Саиров.
Мәжіліс депутаты ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтың ұсталуына қатысты да ойын айтты.
"Алматыда сырттан келген содырлар жүр. Алматыда аудандық ішкі істер басқармасына шабуыл жасаған. Олар сырттан келген қазақша білмейтін содырлар. Шетелдің 300-ден астам азаматы шекарада ұсталды деген ақпарат келіп жетті, яғни қаншама адам Қазақстанға кірген. Олардың барлығы Қазақстанның ішінде өмір сүріп және белігілі бір жаттығудан өткен. Осының барлығын қалай Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрмеді деген сұрақ туындады. Алматыда әуежайға содырлар келер алдында жарты сағат бұрын бүкіл күзетін "үйлеріне қайтыңдар" деп қоя берген. Яғни, мемлекетімізде белгілі бір қастандық болған. Оны қазір құқық қорғау органдарының өздері анықтап жатыр", – деді ол.