Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында соңғы бір жылда атқарылған шаралар туралы Facebook желісінде жазды. Оның сөзінше, президент ұсынған "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасы лайықты бағаға ие болып, сан салаға серпін берді. 

"Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – медицина саласы мен оны қамтамасыз ету болды. Бұл ретте ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру көзделді. Бұл мақсатта "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінде ұлттық жоба аясында 13 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. 86 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде", – деді мәжіліс депутаты.

Атап айтқанда, 13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және жаңғырту, ауылдық жерлерде 228 медициналық объект салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Ауылда медициналық кадрларды қолдау және даярлау бойынша жағдайлар жасалуда.

Гүлдара Нұрымованың сөзінше, 2023 жылдың 9 айында қашықтықтан көрсетілген медициналық қызметтер нәтижелі болды. Оның ішінде телемедициналық консультациялардың саны 687 453-ті құрады. 

Инфографика мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың Facebook парақшасынан алынды

Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 652 адам осы орталықтардың қызметімен қамтылды.

"Қорыта айтқанда медицина саласында маңызды жобалар жүзеге асып келеді. Бұл – президентіміздің сара саясаты мен сайлауда берген уәдесі межелі уақытта орындалып жатқанын көрсетеді. Біржылдыққа нақты нәтиже, жетелі жетістікпен жетіп отырмыз", – деді Гүлдара Нұрымова.