Мәжіліс депутаты билер атын жамылған рулық ұйымдарға тексеру жүргізуді сұрады
Қазақтың билер институты бүгінде – сот билігі екенін айтты депутат.Мәжіліс депутаты Болат Керімбек бас прокурор мен әділет министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында қоғамдағы теріс құбылыстардың бірін сынға алды. Оның айтуынша, қазақ қоғамында "Қазақ билері", "Қазақ билер алқасы" секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптаған. Тіпті, ресми тіркелместен, өзін би атап көпшілікке ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар.
"Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады", – деген мәжіліс депутаты Қазақстанда би шешімдері емес, заң үстемдік етуі керектігін еске салды.
Оқи отырыңыз: Қазақтың дәстүрлі сот билігі әдет-ғұрыпқа негізделген
Ол Әділет министрлігі және Бас прокуратурадан қазіргі түрлі "билер" атын жамылған ұйымдардың жұмысына тексеру жүргізуді сұрады.
"Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы алқабилер мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз. Ал билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Кім оларға мұндай өкілеттік берген?! Әрбір өңірде жергілікті әкімдік пен Мәслихаттар, сот билігі мен құқық-қорғау органдары бар, ақсақалдар мен қоғамдық кеңестер заң аясында қызмет етуде. Туындаған мәселені шешетін де, көтеретін де осы заңды ұйымдар мен мекемелер. Яғни, заң мен тәртіп концепциясын іске асыратын билік тармақтары бізде нақты айқындалған", – деді Болат Керімбек.