Маңғыстауда директор мұғалімдерден заңсыз түрде ақша жинап келген
Мектеп директоры қарамағындағылардан өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген.Маңғыстауда директор мұғалімдерден заңсыз түрде ақша жинап келген, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Мұнайлы ауданының прокуратурасы "№3 арнайы мектеп" КММ тексеру нәтижелері бойынша мекеме басшылығы тарапынан бірқатар заңбұзушылықты анықтады.
Атап айтқанда, мектеп басшылығы ай сайын "Kaspi bank" және "Halyk bank" мобайл қосымшалары арқылы қарамағындағы қызметкерлерден ақша қаражатын заңсыз жинауды жүзеге асырған.
Бұдан басқа, формальды бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйлықақылар есептеу негізінде ақша қаражатын заңсыз аудару фактілері анықталды.
Сонымен қатар мектеп директоры өз қарамағындағылардан өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген.
Аталған арнайы мектептің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша ҚК 361-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.