Маңғыстау облысында кәсіпкер бюджеттің 249 миллион теңгесіне көшеге жанбайтын жарық шамдар орнатқан
Компания бұл жұмыстарды төрт ай ішінде аяқтауға міндеттелген екен.Маңғыстау облысында мердігер компания бюджеттің 249 миллион теңгесіне көшелерге жанбайтын жарық шамдар орнатқан, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
"Элком" серіктестігі "Адай" автобазасынан Баянды ауылына дейінгі аралықта көлік жүретін тас жолдың бойын күн сәулесінен қуат алатын шамдармен жарықтандыруы тиіс болған. Бірақ, әкімдіктегілердің айтуынша, мердігер жобаға сай келмейтін шамдарды орнатқан. Яғни, жарықтандыру жүйесі іске қосылғалы жұмыс істемеген.
Жергілікті билік мердігердің жұмысын қабылдамай, оларды "жосықсыз өнім беруші" ретінде тану туралы сотқа өтініш берген екен. Әрі әкімдіктегілер келісімшарт сомасынан кәсіпкерге тек 159 миллион теңгеден астам қаражат берілгендігін айтты.
"Бірінші инстанциясында жеңіске жетіп, тапсырыс беруші тарапынан "Элком" ЖШС аппеляцияға шағымданған болатын. Қазіргі таңда аппеляциялық шағым жосықсыздар тізімін тек қана қанағаттандырусыз қалдырып, қалған айыппұл өндіру және уақытылы жұмыстарды аяқтау күшінде болатын",– деді Мұнайлы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Едігеев.