2023 жылдан бастап ветеринариялық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру көзделген. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайловтың депутаттардың сауалына берген жауабында жазылған.

"Бұдан басқа, Үкімет "Биологиялық қауіпсіздік туралы" Заңды іске асыру шеңберінде I және (немесе) II патогенді топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық қызмет саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бөлігінде "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулы жобасын қарап жатыр", – деп жазылған жауапта.

Қазір уәкілетті органға ветеринариялық дәрігерге жүктеме нормативінің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін беру мәселесі пысықталып жатыр.


Оқи отырыңыз: Қарашөкеев: Ветеринария бойынша биолог білім береді, бұл дұрыс емес


Үкімет басшысының жауабына сүйенсек, облыс әкімдіктері жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру нормаларына сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

"Мәселен, 2022 жылы материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға Алматы облысында 2,5 млрд теңге, Жетісу облысында 2 млрд теңге, Қарағанды облысында 182,2 млн теңге, Қызылорда облысында 73 млн теңге және Солтүстік Қазақстан облысында 64,2 млн теңге бөлінді. Бұдан басқа Жамбыл облысында 249,8 млрд теңгені, оның ішінде ветеринарияны қамтитын "ауыл шаруашылығы" функционалды кіші тобы бойынша 13,0 млрд теңгені құрайтын жергілікті бюджеттің ағымдағы жылдық жоспары бар", – деп жазылған жауапта.

Әлихан Смайылов мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды республикалық бюджеттен материалдық-техникалық жарақтандыру үшін қаржыландыруды қарастыру тиімсіз екенін жазды. Себебі жергілікті атқарушы органдар өздерінің шығыс бағыттарын дербес айқындайды.