Магистратурада тегін оқуға құжаттар 12-15 тамызда қабылданады
Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 16-20 тамыз аралығында өтеді.12-15 тамыз аралығында магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылданады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 16-20 тамыз аралығында өтеді.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жоо-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- жеке куәліктің көшірмесі;
- жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
- КТ сертификаты және бар болған жағдайда шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар.
- 075/у нысанындағы медициналық анықтама (оны жоғары оқу орнына түскенде тапсыруға рұқсат етіледі).
Оқи отырыңыз: Магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі
"2022-2023 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттардың ең көп саны педагогикалық мамандықтар үшін қарастырылған – 3 642. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 3 429 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 1 278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1233, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар – 527 грант бөлінді", – деді ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Биыл барлығы 43 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 42%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 71 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың 140-ын жинады.