Мәжіліс депутаты Алматы облысының ауылдарына газ тарту ісін жеделдетуді сұрады
Өңірде әлі 150-ге жуық елді мекенге газ тартылмай отыр.Депутат Данияр Қасқарауов мәжіліс мінберінде үкімет басшысының атына жолдаған сауалында Алматы облысын газдандыру мәселесін көтерді. Оның мәліметінше, өңірде газдандыруға жататын 294 елді мекеннің тең жартысына әлі газ тартылмаған.
"Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуды жалғастыру керек деп атап өтті. Бұл халықтың жайлы өмір сүруі үшін қажетті негізгі игіліктің бірі. Елді мекендерді газдандыру экологиялық жағдайдың да жақсаруына әсер етері сөзсіз. Алматы облысында 294 елді мекен газдандыруға жатады. Ол жерлерде 1,3 млн халық тұрады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы 294 елді мекеннің тең жартысына әлі газ тартылмаған", – деді Данияр Қасқарауов.
Депутаттың сөзінше, өңірдегі Жамбыл және Іле аудандарының 9 елді мекенін газдандырудың жобалық сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар. 5 елді мекенге газ тартуға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кеткен.
Loading...
Оқи отырыңыз: "60 мың үйге жарық береді". Алматы облысындағы жел станциясының құрылыс алаңынан репортаж
Данияр Қасқарауов осы орайда жобалық-сметалық құжаттарының күші жойылмай тұрғанда басталған игі істі аяқтауға қолдау көрсетуді сұрады.
"Жобалардың жалпы құны – 8 млрд теңгені құрап отыр. Облыс әкімдігі Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берген болатын, алайда қолдау таппаған. Газдандыру жұмысының әлеуметтік және экономикалық маңызын ескере отырып, құжаттары дайын жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржыны қарастыруды сұраймын", – деді мәжіліс депутаты.