Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты депутаттық сауал жолдады.

Сауал мәтініне сәйкес, 2022 жылы Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Осы мерейтойға байланысты үкімет комиссия құрып, жұмыс жоспары жасалғаны белгілі болды.

"Қостанай облысы әкімдігі Жангелдин ауданы орталығынан 100 шақырымдай жердегі шамамен 100-дей отбасы тұратын Ахаң туған ауылға ғалымның атын бердік дейді. Ауыл түгілі облысқа берсе де лайықты болатын Ұлт ұстазының аты алыс шалғайдағы жолсыз ауылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс. ... Ауданның аты 150 жылдығын әлем атап өткелі отырған Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атында болуы керек! Бұл тарихи әділеттілік болар еді", делінген депутаттық сауалда.


Оқи отырыңыз: Ахмет Байтұрсынұлы: Ғамалыңды түзет. Ретроспективалық сұхбат


Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру керектігін алға тартты.

"Қоғамның талабымен тарихи нысан әрі мәдени ескерткіш болып табылатын Ахмет Байтұрсынұлы Музей-үйі екі ай бұрын Алматы қаласы балансына өтіп, Алматы қаласы музейлер кешенінің санатындағы сегізінші музей болды. Негізінен, еліміздегі ерекше тарихи тұлғаның жәдігері болып табылатын бұл музей дербес мекеме болуға толық құқы бар. Сондықтан алдағы уақытта республикалық статус берілу керек. Және бұл мекеменің атауы еш өзгеріссіз Ахмет Байтұрсынұлы музей үйі деп жазылуы міндетті", – деді Қазыбек Иса.


Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстан облысында 4 мектепке Алаш қайраткерлерінің есімі беріледі


Мәжіліс депутатының ұсыныстарының жалпы саны – 16. Олар:

  • Ахмет Байтұрсынұлының туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу керек;
  • Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына жол салынуы керек;
  • Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың қараусыз қалған, аянышты күйдегі қабірі мен қорымын қолға алу керек.
  • Қостанайдағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы атын беру керек.
  • Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ұлттық статус беріліп, штат саны шешіліп, мемлекет қамқорлығына алынуы керек.
  • Осы музей-үй жанындағы жер теліміне Алаш үйі ғимаратын салу, Алаш Арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру;
  • Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы саябағына (1998 ж) тарихи тұлғаның еңселі ескерткішін қою;
  • Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына айрықша статус, қаржылық қолдау қажет.
  • Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғимаратының алдына ғалымның ескерткішін орнату.
  • Келесі жыл – ЮНЕСКО бойынша Ахмет Байтұрсынұлы жылы болғандықтан, тіл атасы құрметіне елімізде келесі 2022 жыл – Мемлекеттік тіл жыл болуы тиіс.
  • Астанамыз бен барлық облыс орталықтарында Ахаңның ескерткіші тұруы тиіс! Ресейде Орынборда, Анкарада, Ташкентте, Бакуде ескерткіштерін орнату керек.
  • Еліміздің астанасында Ахаң атындағы көп салалы мәдени- танымдық орталық ашылуы тиіс.
  • Ахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.
  • "Қазақ" газетінің 7 томдығын, "Айқап" журналының 5 томдығын, "Сарыарқа" газетінің 1 томдығын шығару керек.
  • "Ағартушы" атты Ахмет Байтұрсынұлы туралы монография мен ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбеттің "Ғасыр саңлағы" атты кітабы дайын кітабын қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілінде шығару керек.
  • Тіл білімі институты астындағы "Марка", "Барвиха" түнгі клубтарын жабу керек.