Мәжіліс депутаты: Әлем әдебиетін орыс тілінен аудару көркем шығарманың сапасын көтермейді
Мақпал Тәжмағамбетова талантты қаламгерлерді "Болашақ" бағдарламасымен оқытуды ұсынды.Соңғы 5 жылда "Болашақ" бағдарламасымен филология, лингвистика, аударма ісі мамандықтары бойынша 14 адам білім алған. Олардың бәрі тек шетел тілін меңгерген. Ал әдебиет аталымы бойынша бір адам да қамтылмаған. Мұндай мәліметтерді Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасай отырып келтірді.
"Бүгінде әдебиетке кәсіби маман дайындау ісі кешеуілдеп тұр. Соның салдарынан әдеби сын, аударма мен драматургия саласы үлкен тоқырауды бастан кешіп жатыр. Фантастика, балалар әдебиеті, детектив, іскери публицистика, нон фикшн жанрларының да кенже қалуы соның айғағы. Жоғарыда айтылған жобалардың жүйелі жүзеге асуы үшін де осы бағыттағы халықаралық білімі бар мамандарды жетілдіру сұраныс туғызып отыр", – деді Мәжіліс депутаты.
Оқи отырыңыз:
- Депутат зағиптарға арналған Брайль жүйесімен кітаптар шығаратын баспахана ашуды ұсынды
- Мәжіліс депутаты театр көрермендерінің санын арттыруды сұрады
- Бішкекте Абай үйі ашылды
Оның сөзінше, әліге дейін шетелдік әебиет болсын, қазақ әдебиеті болсын, басқа тілдерге негізінен бір ғана тілден – орыс тілінен аударылады. Ал ол көркем туындының сапасын көтермейді.
"2020 жылы Ұлттық аударма бюросы 12 кітап – қазіргі кездегі қазақ прозасы мен поэзиясы антологияларын Біріккен ұлттар ұйымының 6 тіліне тәржімалап шығарды. Бұл жұмысқа 300-ге таяу маман тартылған, бірақ оның ішінде шет тілін меңгерген, аударманы көркемдік жағынан бағалай алатын қазақ әдебиетшілері тапшы болған. Мұндағы негізгі мәселе – өзге тілдерден тікелей аударатын мамандардың жетіспеуі", – деді Мақпал Тәжмағамбетова.
Осындай мәселелерді алға тартқан Мәжіліс депутаты премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа бірқатар ұсыныстарын жеткізді:
- Поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысы бар пәндер бойынша магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде алуға мүмкіндік ашу және бұл үшін "Болашақ" бағдарламасына әдебиетке қатысты мамандықтарды енгізу қажет.
- Жазушылар одағы осы мамандықтар бойынша білім алуға талантты қаламгерлерді жыл сайын жүйелі түрде іріктеуі тиіс.
- "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қаламгерлердің әлемдік деңгейдегі фетиваль, форумдарға қатысып, пікір, тәжірибе алмасуына жағдай жасау керек.