Мәдениет саласындағы негізгі қызметкерлердің орташа жалақысы 2022 жылы 165,4 мың теңге болса, биыл бұл сома 195 мың теңгені құрайды, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында

"2024 жылдан бастап бұл көрсеткіш 230 мың теңге, ал 2025 жылы 294 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, мәдениет ұйымдарындағы әкімшілік және көмекші қызметкерлердің орташа жалақысы 2022 жылы тиісінше 106,1 мың теңге мен 74,7 мың теңгені құрады. Ол жыл сайын 20% өсетін болады", – деді вице-премьер. 

Мұнымен қатар, Алтай Көлгінов жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет қаражаты есебінен қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемақылар белгілеу құқығы көзделгенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Қоғамдық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 1 мың теңгеге артады


"2021 жылы Астана қаласы бойынша жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мәдениет ұйымдарының мемлекеттік сатып алу бойынша маман-менеджерінің жалақысы 82,3 мың теңге болса, 2022 жылғы 7 маусымда 117,3 мың теңгені құрады. Биыл 1 мамырдан бастап 146,5 мың теңге болады. Техникалық орындаушы-кассирдің жалақысы 2021 жылы 64,0 мың теңге болса, 2022 жылғы 7 маусымда 99,6 мың теңгені құрап отыр. 2023 жылғы 1 мамырдан бастап жалақысы 151,9 мың теңгеге жетеді", – деді Алтай Көлгінов. 

Вице-премьердің айтуынша, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақылары жүйелі түрде кезең-кезеңмен артатын болады.