Алматыда үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері жекеменшік балабақшалар қызметін лицензиялауға қарсы. Олар лицензияны міндеттеуден кейін жеке балабақшалар жаппай жабылуы мүмкін деп санайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, коттедждерді жалға алып балабақша ашқан кәсіпкерлер лицензиялау енгізілсе, істің бәрін басынан бастауға мәжбүр болады. Ол үшін қыруар қаржы қажет.

Кәсіпкерлер бар іске лицензия алу – бизнесті басынан бастаумен бір екенін айтады. Яғни, жекеменшік балабақша иелерінің кәсібін дөңгелетуге онсыз да рұқсаты бар. Айтуынша, басым бөлігінде жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалған. Қауіпсіздік, санитарлық талаптар сақталған. Бірақ, кейбір мектепке дейінгі білім беру орталықтарында заңбұзушылықтар болды екен деп бәрін бірдей міндеттеу – адам құқығын таптау деп отыр. 

"Бала құқығын таптау, қол көтеру секілді деректердің 1,2 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ал 0,2 пайызы жекеменшік балабақшаларда болған екен", – дейді кәсіпкер Маржан Ахмеджанова.


Оқи отырыңыз: Алматыда жеке балабақашалардағы тамақ бағасын реттеуге 343 млн теңге бөлінді. Бұл балабақшаға кезекті азайтуы тиіс


Кәсіпкерлер мемлекет жеке кәсіпті қолдап, жас мамандарды қолдаудың орнына табысынан айырылатынын айтады. Сөздерінше, егер дәл қазіргі уақытта лицензиялау енгізілсе, жасырын жұмыс істейтін балабақшалар саны өседі. Себебі, жер алып, құжат рәсімдеп, нысан тұрғызуға қаржысы жетпейтіндер амалсыз осындай әрекетке баруға мәжбүр болады. Болмаса біржолата жабылып тынады. Ал кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдаған салалық палата өкілдері лицензиялау мәселесі маңызды екенін айтты.

"Біз кәсіпкерлікті дамыту жолына түскен кезеңде елімізде мектепке дейінгі білім беру мекемелері жетпей жатты. Сондықтан 2011 жылы лицензиялау мәселесі өзгеріп, хабарламалық тұрғыға ауысты. Ал қазір заңбұзушылықтар көбейген соң, қайта қайтарылып отыр", – деді Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Қазір Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы 2 817 балабақшаның мүддесін қорғайды. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған барлық жекеменшік балабақшаның 43 пайызы. 31 арна кәсіпкерлер көтерген мәселені айтып, білім және ғылым министрілігіне хабарласты. Бірақ бұл іске қатысты әзірге жауап ала алмаған.