Лагерьге демалуға кеткен атыраулық оқушылар бір күннен кейін үйлеріне шұғыл қайтуға мәжбүр болды
Пансионатта қоңыз қаптап, оқушылардың үрейін ұшырған.Ресейдің Астрахань облысындағы лагерьге демалуға кеткен атыраулық оқушылар бір күннен кейін үйлеріне шұғыл қайтуға мәжбүр болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өйткені балалар тынығатын пансионат ғимаратының ішіне қоңыз қаптап, оқушылардың үрейін ұшырған.
Демалыс орнында түсірілген видеода қаптаған жәндіктер балалардың төсегінде жүр. Бұдан шошынған оқушылар бірден ата-аналарына шағымданған.
Пансионат ғимаратында мүлде тазалық сақталмаған деген тұрғындар балаларды үйге қайтаруды талап еткен. Ал емделу лагері Атырау облыстық білім басқармасының меншігінде екен.
Жауаптылардың айтуынша, күннің күрт жылынуынан ағаш қоңыздары ашық терезелер арқылы ішке кірген. Бірақ жәндіктердің адамға еш зияны жоқ деп отыр.
Десе де, ата-аналардың шағымына байланысты жүзге тарта оқушы бір күн болмай үйлеріне қайтарылған.