ҚазАқпарат агенттігі Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтің Ертіс өзеніндегі ахуалға қатысты пікірін жариялады.

Маман Шығыс Қазақстандағы су қоймаларының су босату көлемін 50%-ға арттыруынан Ертіс өзенінің қыркүйекте тасуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, күзде өзенге секундына 1500 текше метр су жіберіледі деген болжам бар.

"Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы қоймалардан өзенге секундына 1000 текше метр су жіберіліп отыр. Ертіс бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айында бұл көлем 1500 текше метрге ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты мал азығын дайындап жатқан шаруашылықтар шабылған шөптерін биіктеу жерлерге тасып алуы керек деп ойлаймыз. Біздің есебіміз болжам ғана, жағдай біз айтқандай болмауы да мүмкін. Судың босатылу көлемі өзгеріссіз қалуы да ғажап емес. Сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген абзал. Ертең Ертістің төменгі бөлігінде орналасқан жайылмаларға су жайылатын болса, шаруалардың жаз бойғы еңбегі далаға кететіні анық. Ал қоймалардың бұл әрекеті жиналған судың көптігіне байланысты еріксізден жасалып отыр", – деп жауап берді Дияр Қайыркенов ҚазАқпарат тілішісінің сауалына.

Ол, сондай-ақ биыл көктемде су тасығанда Ертіс жайылмаларының 80 пайыздан астамына су жайылғанын атап өткен. 

Ал қыркүйек айында өзен тағы көтерілетін болса, Ақтоғай, Ертіс, Павлодар аудандарының жайылмаларына қайтадан су кіруі мүмкін.


Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 2,2 миллиард теңге өтемақы төленді